Мәдениет үйі директоры Елтай Әубекеровтің айтуынша, 1990 жылы типтік жобамен салынып пайдалануға берілген ғимаратқа 2005 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, төбесінің шатыры ауыстырылған екен. Содан кейін жөндеу көріп тұрғаны осы. Мердігер – «Символ» ЖШС-ның басшысы Есқайыр Елемесов 41 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары маусым айында басталған. Қыркүйек айының орталарында аяқталуы тиіс жұмыстарды мерзімінен бұрын бітіруге күш салуда. 180 орындық мәдениет үйінің ішкі жұмыстары жүріп жатыр. Төбесі жаңа қаптамамен қапталып, электр шамдары орнатылуда. Жылыту жүйелері ауыстырылған. Ғабидолла Абдоллаұлы бұрын кітапхана болған екінші қабатқа көтеріліп, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Атқарылып жатырған игілікті іске ризашылығын білдіріп, құрылысшылардың жұмысына сәттілік тіледі.
Бұдан кейін өңір басшысының орынбасары ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктте, «Ұзынкөл» бөбекжайында, жалпы білім беретін орта мектепте болды. Аудан орталығына келген соң Ғабидолла Абдоллаұлы «Балдәурен» жазғы демалыс лагерінің, №1 мектеп-лицейдің, мектептен тыс жұмыстар орталығының, балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің, М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің, Т.Жароков атындағы орта мектеп жұмысымен танысып, осында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен білім беру, мәдениет саласы қызметкерлерімен, еңбек ардагерлерімен өткен жиынға қатысты. БҚО тарихи-өлкетану музейінің Жәнібек аудандық музей бөлімін, Т.Жароков атындағы орта мектеп жанындағы жатақхананы аралап көрді, деп хабарлады Жәнібек ауданындағы тілшіміз Асқар Құсайынов.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Жәнібек ауданының Тау, Борсы, Жақсыбай ауылдарына барады. Ал облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев қазір жұмыс сапарымен Қазталов ауданында жүр. Бағдат Азбаев ертең Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарындағы құрылыс нысандарында болады.