28 Тамыз 2020
776

Тарихи анықтама

Жедел жәрдем стансаның тарихы

 

Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы қала тұрғындарының өміріне қауіп төнгенде, қауіпті жағдайға ұшырағанда, кенеттен тап болған ауруларға, оқиға орнында және одан ары қарай ақысыз тәулік бойы медициналық жедел жәрдем көрсететін медициналық мекеме.

Сыр өңіріндегі «Жедел медициналық көмек» алғашында ат және өгіз арбамен, кейде жаяу атқарылатын. 1930 жылы Ақмешіт қаласындағы Өлкелік ұлттық клиникалық ауруханада бұл сала бойынша да елге медициналық қызмет көрсетілді. Алайда сол кездегі медицина қызметкерлері туралы мұрағат деректері сақталмаған.

1956 жылдан бастап жергілікті жедел жәрдем саласын дәрігерлер Сейітмұрат Нұржанұлы Ташпенов пен Дина Алексеевна Черкасовалар басқарды. Сол кезде фельдшерлер Мыңбаев О., Половников Петр Дмитриевич (Ұлы Отан соғысына қатысқан) және Попугаевтар жұмыс істеді. Қала тұрғындарына бір бригада және бір санитарлық автокөлік арқылы шұғыл медициналық көмек көрсетілді. 1956-1982 жылдар аралығында қалалық біріккен аурухана құрамында жедел және шұғыл медициналық көмек бөлімшесі жұмыс істеп, ол 166 мың қала, аудан тұрғындарына салалық қызмет көрсетті. Шұғыл шақырыс түсетін аймақ 12-ден 45 шақырымға дейінгі қашықтықты құрады. 12 жедел жәрдем дәрігері мен 10 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істеді. Онда 4 мамандырылған (1 кардиологиялық, 2 педиатриялық және 1 акушерлік) бригадалар болды. Мамандырылған жүрек аурулар тобында дәрігер кардиологтар Дабылов Аманжол, Селезнев Александр Викторович, Москвичев Владимир Иванович сияқты білікті мамандар жұмыс атқарып, оның алға қарай дамуына үлкен үлес қосты.

Бөлімшеге қалалық біріккен аурухана бас дәрігерінің (Омаров Ернияз) орынбасары Қазыбай Мектепбергенов 1977 жылға дейін, 1978-1982 жылдары Сағындық Шәмшиев басшылық жасады.

1982 жылдың тамыз айында халық депутаттары қалалық атқару көмитетінің 20 шілдедегі № 331 Шешімімен қалалық жедел медициналық көмек стансасы ұйымдастырылды. Оның бас дәрігерлігіне І санаттағы дәрігер-хирург Шәмшиев Сағындық Шәмшіұлы тағайындалды.

1982 жылдың ақпан айынан бастап темір жолдың арғы бетінде (Шанхай) дәрігерлік жедел жәрдем стансасының № 1 бөлімшесі ашылды;

1997 жылы 25 тамызда Сырдария ауданының тарауына байланысты, Тасбөгет қыстағында жедел жәрдем стансасының № 2 бөлімшесі ашылды;

2007 жылы жедел жәрдем стансасының № 3 бөлімшесі ашылды;

2016 жылы Қызылорда қалалық дәрігерлік жедел жәрдем стансасы облыстық статусқа ауыстырылып, 2016 жылдың 1 желтоқсанынан бастап, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Қызылорда облысында жедел медициналық көмек қызметін оңтайландыру бойынша пилоттық жобаны ендіру туралы» 07.11.2016 жылғы № 1274 бұйрығы негізінде облыстың аудандары ауруханаларының медициналық жедел жәрдем бөлімшелері және 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық медицина орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының санитарлық авиация бөлімшесі және Қызылорда облысы бойынша бірыңғай медициналық Call-орталығын қысқарту және қайта құрылымдау туралы» 29.12.2016 жылғы № 1414 бұйрығы негізінде санитариялық авиация бөлімі мен «Call-орталығы» жедел жәрдем стансасының құрамына қосылды.