Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен орталық алаңда аймақтағы бірқатар медициналық мекемелерге санитарлық жедел жәрдем көліктерін табыстау рәсімі өтті.
Атап айтсақ, 40 дана жедел жәрдем реанимобильдері кілті облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына, Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Төретам жедел жәрдем бөлімдеріне табысталды. Қармақшы және Жалағаш аудандарына 2 дана жылжымалы медициналық кешен кілті берілсе, «Аралтұз» акционерлік қоғамы демеушілігімен Арал ауданаралық ауруханасына 2 реанимобиль автокөлігінің кілті табысталды. Салтанантты шараға медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов пен Қызылорда қаласы және аудандардан келген мамандар қатысты.
Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы кезінде Қызылорда облысының медициналық жедел жәрдем стансасы жұмысты сауатты және ұтымды ұйымдастыруының нәтижесінде барлық республикалық индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етті. Халық денсаулығы – еліміздің белсенді дамуына, экономикасына, әсіресе, әлеуметтік жағдайына ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан, қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Осы ретте, алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына жеткізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде халықтыңөмір сүру сапасын жақсартуға әкеледі», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Қазіргі таңда жедел жәрдем қызметін орталықтандырудың арқасында облыс орталығы мен аудандарда жедел жәрдем қызметі бір деңгейде көрсетіліп отыр.